2023 жылы 18 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) және China Petroleum & Chemical Corporation (Sinopec) Атырау облысындағы Полиэтилен жобасын бірлесіп іске асыруға қатысты Қағидаттар туралы келісімге қол қойды.
Құжат Sinopec-тің жобаға СИБУР-мен қатар тең құқылы серіктес ретінде кіруін көздейді.
Sinopec компаниясының жобаға қосылуына байланысты тараптар болашақта қатысу үлесін сатып алу туралы шартқа және басқа да міндетті құжаттарға қол қоятын болады.
Жоба үлескерлері түпкілікті инвестициялық шешімді (FID) 2024 жылы қабылдайды деп күтіледі.
«Sinopec компаниясының мұнай химиясының осындай технологиялық күрделі нысандарын жобалау, салу және пайдаланудағы мол тәжірибесі жобамызға оң әсер ететініне, сондай-ақ Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласының инвестициялық тартымдылығын арттыратынына сенімдімін», — деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Sinopec-тің жобаға тең құқылы серіктес ретінде кіруі компанияның мұнай химиясы нысандарын салу бойынша технологиялары мен сараптамасын пайдалануға, сондай-ақ алдағы уақытта Қытай аумағында дайын өнімді өткізуді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін болады.
Анықтама үшін:
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу» мұнай-газ химиясы жобасын (Полиэтилен жобасы) іске асыруда. Зауыт Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақта Теңіз кен орнына (Атырау облысы) жақын жерде салынатын болады.
Қазіргі уақытта америкалық Chevron Phillips Chemical және Univation Technologies компанияларымен MarTECH® ADL және UNIPOL™ PE Process технологияларын пайдалануға лицензиялық келісімдерге қол қойылды. Бұл әлем бойынша жоғары сұранысқа ие өнімдерді, соның ішінде полиэтиленнің премиум түрлерін шығаруға мүмкіндік береді.
2023 жылдың сәуірінде СИБУР ресми түрде жобаға кіруді аяқтады. Бұдан бұрын 2021-2022 жылдары ҚМГ мен СИБУР ресейлік серіктестік жобаға кіруі жөніндегі міндетті құжаттарға қол қойған болатын.
2023 жылдың мамыр айында серіктестер базалық жобалауды (EBD/FEED) әзірлеу жұмыстарын бастап кетті.