Форум QazPolymers-2022, Атырау
М. Баймуханова 45а ​060000 Атырау Атырауская область Казахстан

ҚазМұнайГаз және Chevron Phillips полиэтилен өндірісі зауытын жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды

Екі қондырғы ортақ қуаты 1 млн 250 мың тонна негізгі және премиум түрлі полиэтилен шығаратын бірыңғай кешен болып біріктіріледі.

2022 жылғы 11 желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Chevron Phillips Chemical компаниясының технологиялар және жаңа әзірлемелер жөніндегі вице-президенті Венки Чандрашекармен кездесу өткізді. Шара барысында тараптар «Атырау облысында интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы — екінші фаза (полиэтилен)» жобасын жүзеге асыру үшін Лицензиялық келісім мен Жобалау туралы шартына қол қойды.

Шарт MarTECH® ADL технологиясы бойынша полиэтилен өндіретін қондырғыға арналған жобалау құжаттамасын әзірлеуді және жылына 625 мың тонна полиэтилен өндіру үшін тиісті лицензия беруді қарастырады. Chevron Phillips Chemical компаниясының технологиясы болашақта қазақстандық зауытта көптеген өнім түрлерін, соның ішінде болжам бойынша алдағы перспективада дүниежүзінде тұрақты ұзақмерзімді сұранысқа ие болатын тығыздығы жоғары премиум сұрыпты полиэтилен шығаруға мүмкіндік береді.

Қуаты жылына 625 мың тонна полиэтилен шығаратын екінші полимерлеу қондырғысы бойынша басқа лицензиармен келіссөздер аяқталуға жақын, келісімге биыл желтоқсан айының ортасына дейін қол қойылады деп күтілуде.

Екі технологиялық қондырғы ортақ қуаты 1 млн 250 мың тонна бірыңғай кешен болып біріктіріледі. Екі жетекші лицензиарды таңдау полиэтиленнің көптеген негізгі және премиум түрлерін шығаруға, сонымен қатар өндіріс пен бәсекелестіктің аса икемді болуына мүмкіндік береді.

«Біз Chevron Phillips Chemical компаниясымен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Полиэтилен өндіру жобасы бойынша Chevron Phillips Chemical компаниясымен полиэтилен өндіру технологиясының ең оңтайлы конфигурациясы бойынша келісімге келгенімізге қуаныштымын. Осы жұмыс аясында CPChem ағымдағы және болашақ нарық тенденцияларына сай сипаттамалары бар, соның ішінде премиум сапалы полиэтилен өндіріп шығаруды көздейтін технологияны ұсынды», — деді кездесу барысында М.Мырзағалиев.

Тараптар Лицензиялық келісім мен Жобалау туралы шартына қол қойып, базалық жобаны әзірлеуге кіріседі.

«Бүгін біз екі жақтың табысты жұмысының алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Лицензиялық келісім мен Жобалау туралы шарты дайындалды. Осы құжаттарға қол қою арқылы біз Қазақстан Республикасында ауқымды «Полиэтилен» жобасының жүзеге асырылуына жол ашып отырмыз», — деп қосты ҚМГ басшысы.

Шара аясында мұнай-газ химиясы саласындағы америкалық серіктестерімен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері де талқыланды.

Chevron Phillips Chemical Company, LLC – штаб-пәтері Техас штатында, Вудлендсте орналасқан мұнай химия компаниясы. Этилен, пропилен, полиэтилен, полиолефин, хош иісті қоспаларды және басқа да химия заттарын шығаратын ірі кәсіпорын.

АҚШ-та жеке полиэтилен өндірісінен бөлек компания әлем бойынша полиэтилен өндіру үшін технологиялардың жеткізушісі болып отыр. Компания MarTECH суспензиялық процесінің лицензиары. Негізгі өнімді шығаруға мүмкіндік беретін ASL (Advanced Single Loop бір контурлы реактормен) және негізгі мен премиум өнімді шығаруға мүмкіндік беретін ADL (Advanced Dual Loop екі контурлы реактормен) түрлері бар.


ҚазМұнайГаз және Chevron Phillips полиэтилен өндірісі зауытын жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды ҚазМұнайГаз және Chevron Phillips полиэтилен өндірісі зауытын жобалауды бастау туралы келісімге қол қойды
М. Баймуханова 45а ​060000 Атырау Атырауская область Казахстан